Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында Ислам институты бар. Мұнда діни қызметкерлер білім алып, диплом иеленеді. Олар оқу бітіргеннен кейін өңірлердегі мешіттерге дипломы бар маман ретінде ресми қызметке тұрады. Редакция тілшісі баспасөз туры кезінде білім ордасының жұмысымен танысып, студенттердің жағдайын біліп қайтты.
Институт 2 корпустан тұрады. Бірінші – ескісі 1987 жылы салынған. Студенттер саны артқаннан кейін 2014 жылы жаңа корпустың құрылысы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген. Жаңа кампустың аумағы – 150 му (Қытайдың өлшем бірлігі), яғни 100 мың шаршы метр шамасында. Ол ескі корпустан 5 есе үлкен.
Институт басшысы, Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының депутаты (БХӨЖ), Қытай ислам қауымдастығы басшысының орынбасары және Шыңжаң ислам қауымдастығының төрағасы, Институт ректоры Әбдірақып Тұмырнияздың айтуынша, мұнда 1000 студент білім алады.
Жаңа кампустың құрылысына 279 млн юань қаржы жұмсалған. Оның ішінде Бейжіңдегі орталық бюджеттен 250 млн юань, ал жергілікті бюджеттен 29 млн юань бөлінді, — деп атап өтті төраға.
Білім ордасының негізгі корпусының жанында үлкен кітапхана орналасқан. Кітапхананың артында дұға жасауға арналған зал бар. Сонымен қатар студенттерге арнап 3 жатақхана салынған, мұғалімдерге арналған жатақхана да бар. Асхана мен спорт кешені де үлкен екен.
Бізде бар жағдай жасалған. Оған қоса 2017 жылдан бері барлық өңірден бөлімшелерімізді аша бастадық. Қазір Шыңжаңда 8 филиалымыз бар. Мәселен, Қашғар, Іле округінің филиалы және т.б. Осы 8 бөлімшедегі студенттердің жалпы саны – 1900. Сонымен қатар Шыңжаңда ислам училищесі де орналасқан. Бәрін қоса есептесек Шыңжаңда ислам негіздерін үйрететін 10 білім мекемесі бар, — деді Әбдірақып Тұмырнияз.
Бұрын оқу ақысы 1,5 мың юань болса, биыл 1 қыркүйектен бастап оқу да, жатақханада тұру да тегін. Сонымен қатар әр студентте жеке карта болады, оған ай сайын 900 юань түсіп отырады. Бұл ақшаға білім алушы асханадан тамақтана алады.
2016 жылға дейін студенттердің 45%-і жылына 8000 юань көлемінде шәкіртақы алып келді. Қытайда шәкірақының екі түрі бар. Біріншісі – оқу үлгерімі өте жақсы студенттерге, екіншісі – оқу үлгерімі жақсы және қаржылық жағдайы төмен студенттерге беріледі. Жоғарыда айтқан 45% оқу үлгерімі үшін алса, тағы 15%-і – жақсы оқитын және қаржылық жағдайы төмен студенттерге берілетін. Бірақ 2016 жылы жаңа ереже енгізіп, қазір студенттердің 90%-і шәкіртақы алады, — деп түсіндірді институт ректоры.
Мұнда мемлекеттен бөлінетін қаржы көбеймегенін айта кеткен жөн. Студенттердің 90%-і шәкіртақы алғанымен, оның көлемі 2 есе қысқарған. Яғни бұрын студенттердің 45%-і жылына 8000 юань алатын болса, енді студенттердің 90%-і 4000 юаньнан алады.
Сонымен қатар студенттер оқу бітіретін кезде өңірлерге барып, 10-15 күн патриоттық тәжірибеден өту керек. Бұл үшін әр адамға 10 мың юань бөлінеді. Олар өңірлерге барғанда патриоттық нысандармен танысып, туды көтеру салтанатына қатысады. Сондай-ақ жергілікті жердің сарапшылары оқитын патриоттық дәрістерге қатысады. Тәжірибе аяқталғаннан кейін студент сапар туралы мақала жазуы қажет.
Институт ректорының айтуынша, студенттердің бәрі 100% жұмысқа орналастырылған. Олар діни қызметтен бөлек, басқа салада да жұмыс істей алады. Айтпақшы, Қытайда ректор гранты деген ұғым жоқ екен.
Институттың үш қабаттан тұратын кітапханасы бар. Мұнда дін, тарих, саясат, әдебиет сынды тақырыптарда жазылған 50 мыңнан астам кітап сақталған. Кітаптар қытай және араб қарпімен ұйғыр тілдерінде жазылған. Сонымен қатар төте жазу қолданылған кітаптар да бар екен.
Сөз соңында пресс-турға барған тілшілердің бірі «Сіздерде «қытайлық ислам» деген термин қолданыла ма?» деп сұрады. Әбдірақып Тұмырнияз Қытайда бұл тіркес басқаша, нақтырақ айтқанда «исламды қытайландыру» деп қолданылатынын атап өтті.