Заңгер Айгүл Орынбек көрермендер қызу талқылап жатқан “Дәстүр” фильмін кинотеатрлардан алып тастауды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңгер бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, қыз алып қашу — қазақтың дәстүрі емес.
Біздің елде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚМДБ тірі ме? “Дәстүр” фильмінің экран бетіне шығуына қалайша жол бердіңдер? Кинотеатрлардан алып тастауды талап етемін! Қазақ тарихында “Сырға салу”, “Айттыру”, “Сыңсу айту” деген салт-дәстүрдің бар екенін білемін. Ал салт-дәстүрімізде қызды алып қашқанын оқымаппын. Көрші елдің дәстүрін бізге тықпалап керегі жоқ. Кинода “Қыз алып қашу” дәстүрге жатады, яғни “ол дұрыс емес” деп дінді астарлап насихаттау деп ойлаймын. Жастарға салт-дәстүрге қарсы шығып, жек көріп, “дінді ұстаныңдар” деген ой тастаудың элементтері байқалады, — деп жазды Айгүл Орынбек.
Ол атап өткендей, қазақтың кез келген отбасы жеті шелпекпен, құран бағыштауды біледі. Бірақ кинода оны да ашық көрсетпейді. Тіпті бір қарсылық эпизоды бар.
Қазақтың мешітте отыратын имамын да сауатсыз, надан қылып көрсеткен. Алдына “жын көріп жүрмін” деп көмек сұрап жылап барған әйелдің қолына, сүре жазып жібере салды. Кинодағы теке сақалды имам сәләфит емес пе? “Аллаху акбар” деп аузын ашпаған әйелді біздің шынайы өмірде молдалар үш әріппен күресуге жәй жібере салмайды негізі, — дейді заңгер.
Ол қазақтар салт-дәстүрін ұмытпай, мықты ұстану керегін айтып, мәдениеті мен салт-дәстүрі өшпеген елдің ұлты өлмейтінін жазды.
Ал дәстүрді жастарға негативті тұрғыда көрсету, елді топастындырғысы келіп жүрген арам пиғылды адамдарға тиімді, — дейді заңгер.
Айгүл Орынбек депутаттарға дін тақырыбына қатысты кино түсіріп, халыққа ұсынбас бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратурадан рұқсат алатын заң қабылдауды ұсынды.