Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанған қазақстандық спортшы Илья Мизерныхты құттықтады, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Бұл туралы Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
Канвонда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада тұғырдан шаңғымен секіру спортынан Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алған Илья Мизерныхты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы чемпионның әлі де талай жеңіс тұғырынан көрініп, биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Канвондағы додаға қатысып жатқан отандық споршыларға табыс тіледі делінген жазбада.
Еске салсақ, бүгін жасөспірімдер арасында қысқы спорт Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіру сайысында 38 қарсыласпен сынға түскен Илья Мизерных чемпион атанды. Спортшының бұл жеңісі Қазақстан тарихында жасөспірімдер Олимпиадасындағы тұңғыш алтын медаль.