«KazakhExport» ЭСК» АҚ («Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) делегациясы Душанбеге іссапармен барып, Тәжікстанның негізгі банктерімен және ықтимал импорттаушылармен бірқатар кездесу өткізді.
Екіжақты кездесу Тәжікстан Республикасының «Амонатбанк» МЖБ, «Душанбе Сити Банк» ЖАҚ және «Ориенбанк» ААҚ өкілдерімен болды. Оның нәтижесінде қолданыста бар және болашақ жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Мәселен, «Амонатбанк» МЖБ KazakhExport қаржыландыруымен кейінгі үш жылда отандық кәсіпкерлерге жалпы сомасы 23,7 миллион доллардан астам 15 жобаны іске асыруда қолдау көрсетті. Мұны KazakhExport Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов «Амонатбанк» басшысы Әлижон Сәлімзодамен кездесуде атап өтті.
Ал «Ориенбанк» ААҚ мен KazakhExport ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 17 миллион доллар болатын жобаларға қолдау көрсетілді.
KazakhExport пен Тәжікстан ірі банктерінің ынтымақтастығы отандық компанияларды қолдау және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ Қазақстаннан тауарлар мен өнімдерді импорттау мақсатын көздейді.
«Біз жергілікті қаржы институттарымен ынтымақтастық орната отырып, Тәжікстанға қазақстандық өнімді экспорттауды жоспарлап отырған импорттаушылар үшін жол ашып отырмыз. Бұл қазақстандық өндірушілерге жаңа нарықты бағындыруға, ал тәжікстандық компанияларға сапасы жоғары және бәсекеге қабілетті өнімге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді KazakhExport басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.
Сонымен қатар іссапар барысында қазақстандық делегация «Сомон Эйр әуекомпаниясы» ЖШҚ, «Авесто Групп» МК және Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетімен кездесті. Оған қазақстандық бизнестен «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС вице-президенті Асқар Арынов қатысты.
«Сомон Эйр әуекомпаниясы» және «Авесто Групп» МК KazakhExport қолдау құралдарын, атап айтқанда, экспорт саудасын қаржыландыру, субсидиялау, импорттаушыны тікелей қаржыландыруды пайдаланып, «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» компаниясынан Airbus H145 тікұшақтарын сатып алмақшы.
Тәжікстанның гидроэнергетикалық және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі жетекші компаниясы «ТГЭМ» трансформаторларды, арматураларды, құрылыс техникасын және басқа да тауарларды сатып алу қажеттігі бар екенін жеткізді.
Одан бөлек, Talco Management тәжікстандық алюминий компаниясы сатып алу қызметінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сауданы қаржыландыру бойынша ресурс тартуға ниет білдірді.