Цзянсу провинциясының (ҚХР) Нанкин қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаев Цзянсу провинциясының халық үкіметі Көлік департаментінің және осы провинцияның ең ірі мемлекеттік сауда тобы Jiangsu SOHO Holdings Group басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында «KTZ Express» АҚ және Jiangsu International Rail Freight Express стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, контейнерлік пойыздарды Қазақстан арқылы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша бірлесіп ұйымдастыру және жөнелту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.
Цзянсу провинциясы (халқы 85 млн.адам) 2023 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық дамуда 1,8 трлн $ ЖІӨ көрсеткішімен ҚХР-да екінші орында, ҚХР-дың барлық өнеркәсібінің 15%-ін және әлемдік индустрияның 3%-ін қамтамасыз ететін жүк құраушы өңір болып табылады.
Jiangsu SOHO Holdings Group құрамына 380 кәсіпорын кіреді, оның ішінде Jiangsu International Rail Freight Express логистикалық платформасы жыл сайын батыс және шығыс бағыттарда 2000 астам пойыз жөнелтеді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Yuxinou және ҚТЖ Нанкиннен (ҚХР) Апшеронға (Әзірбайжан) жеткізу мерзімі орта есеппен 18 күнге дейін ТХКБ бойынша бірлескен сервис ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың басынан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ Сиань, Цзянсу, Пекин, Чжэнжоу, Чунцин логистикалық платформаларымен Қазақстан аумағы бойынша 3500 транзиттік контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру және жөнелту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді, бұл шамамен 350 мың ЖФЭ құрайды.