Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады, деп хабарлайды Turanaqparat.kz Премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік- көлік ынтымақтастығын, сондай-ақ мәдени және өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім және ғылым, технологиялар трансфері саласындағы әріптестікті нығайтуға баса назар аударылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 30%-ға өсіп, $31,5 млрд-қа жетті. 2023 жылдың 9 айында Қазақстан экономикасына салынған ҚХР инвестицияларының көлемі шамамен $1,4 млрд-ты құрады. Қазіргі уақытта инвестициялар көлемі $14,5 млрд-тан асатын 45 бірлескен қазақ-қытай жобасы іске асырылу үстінде. Осы жылдың 2 айында контейнерлік тасымалдау көлемі 2,6 есеге өсті. Сондай-ақ сауда қатынастарының қазіргі әлеуеті тауар айналымын одан әрі әртараптандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары бар екенін көрсетіп отыр.
Келіссөздер барысында өзара саудадағы шектеулерді жою, әкімшілік кедергілерді алып тастау және кедендік рәсімдерді оңайлату жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, еліміздің Қытай нарығына жоғары деңгейде өңделген ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екені айтылды. Сондай-ақ «Бақты-Тачэн» жаңа теміржол арқылы өткізу бекетін салу, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейту және өңірлік интеграцияны дамыту бойынша транзиттік-көлік саласындағы іске асырылып жатқан қадамдар талқыланды. Оған қоса жолаушылар рейстерінің санын арттыру мәселелері қаралды.
Қазақстан Үкіметінің басшысы ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық әріптестік өсіп келе жатқанын атап өтті.
Қазақ-қытай бірлескен жобалары нарықта сапалы және сұранысқа ие өнімдер шығаратын жоғары технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің аумағында 3 000 бірлескен компания табысты жұмыс істеуде. Бұл екі елдің бизнес қауымдастықтары серіктестігінің тұрақтылығы мен өнімділігін көрсетеді, — деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі екі елдің стратегиялық әріптестігін дамыту серпіні жоғары екенін растады.
Бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарлары екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге және дамытуға зор серпін берді. Біз Қазақстан Президенті жариялаған ауқымды экономикалық өзгерістер бағдарламасын жоғары бағалаймыз. 2029 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-сін екі есеге ұлғайту жөніндегі биік мақсатқа қол жеткізуге әбден болады деп санаймыз, — деді Чжан Сяо.
Сондай-ақ ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі ауыл шаруашылығы, энергетика, жоғары технологиялар және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың кең әлеуетін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамыту жұмысын күшейтуге дайын екендерін растады.