Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысындағы мектептердің бірінде болған жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Телеграмдағы EGOV.PRESS каналында оқушыларға ұлттық нақыштағы жилеттерін шеш деп, қысым көрсеткен мұғалімнің видеосы жарияланды. Видеода мектепте мұғалім екінші мұғалімге қысым көрсетпеуін сұрағаннан кейін араларында ұрыс пайда болады.
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының мұғалімі ұлттық киімдерді жек көретін көрінеді. Сабақ үстінде балаларды шешіп тастауға мәжбүрлеп, балаларға психологиялық қысым жасайды. Сонымен қатар, мұғалімдер балалардың көзінше жекпе-жек ұйымдастырды. Құрметті Ғани Бектайұлы видеодағы барлық мұғалімдерді жұмыстан шығарып, лайықтыларын жұмысқа алуыңызды сұраймын. Балаларды аяймын, — делінген видеоның астында.
Оқу-ағарты министрлігінің баспасөз хатшы Мереке Амангелдіқызының мәліметінше, оқиға Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы мектепте болған.
Қазіргі таңда жағдайды жан-жақты зерделеу үшін Түркістан облысының білім басқармасы мен білім сапасын қамтамасыз ету департаменті өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті шаралар қабылданады. Мектеп оқушысына педагог-психологтардан қажетті психологиялық қолдау көрсетілді, — деді министрлік өкілі.
Бұл оқиға Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.