Сауатты жасалған қаржылық жоспардың өте маңызды екендігін соңғы кездері жиі естиміз. Біреулер ақшаны үнемдеуге, жинауға, үлестіруге енді-енді үйреніп жатса, басқалар өздерінің «қауіпсіздік көпшігін» барынша толықтыру үстінде.
Ақшаны жинаудағы мақсат айқындалған соң, оны қалай жинау және сақтау мәселесі туындайтыны белгілі. Әрине, ақшаны жинаудың жолдары көп. Мысалы, ақшаны жастықтың астына тығып та жинауға болады. Бірақ бүгінде көпшілік мұның қауіпті әрі инфляция тұрғысынан алғанда тиімсіз екендігін жақсы түсінеді. Сол үшін де көбінесе банк салымын таңдайды. Өйткені ол ақшаны сенімді сақтауға және молайтуға мүмкіндік беретін бірден-бір қауіпсіз жол. Енді осы салымдардың қалай сақтандырылатыны, егер банк аяқ астынан төлемге қабілетсіз болып, лицензиясынан айырылса, ақшаны кім және қалай қайтаратыны туралы материалдан оқыңыздар.
Қазақстанда депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді (ДКБЖ). Сәйкесінше жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізуге лицензия алған екінші деңгейдегі отандық банктердің барлығы, олардың ішінде (ислам банктерін қоспағанда) шетелдік банктердің филиалдары осы жүйеге қатысуға міндетті. Демек, егер ДКБЖ-ға қатысушы кез келген банк банкротқа ұшыраса/таратылса, оның салымшылары кепілді өтем алады. Оны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) жүзеге асырады.
Өтемнің сомасы шектеулі. Шектеулі мөлшерлері заңнамада белгіленген:
20 млн теңге – теңгелік жинақ салым бойынша;
10 млн теңге – теңгелік өзге салымдар, шоттар, карточкалар;
5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, шоттар, карточкалар бойынша (банк лицензиясынан айырылған күнге белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша теңгелік балама).
Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса (олардың ішінде жинақ салымы, ағымдағы және карточкалық шоттары да бар болса), өтем сомасы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда қалыптасқан қалдық ақшаға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын (5, 10, 20 млн) ескере отырып есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы (жинақ салымның бар екендігін ескере отырып) 20 млн теңгеден асырылмайды.
Есте сақтау қажет, ҚДКБҚ салымшының депозитіндегі ақшасына ғана емес, сол депозиті бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есепке жазылған пайыздық сыйақысына да кепілдік береді.
Өтем ҚДКБҚ арнайы резервінен төленеді және оны төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады және бір жылға созылады. Содан кейін депозиторлардың талап етпеген сомалары (ҚДКБҚ мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арасында салымшылар туралы деректер салыстырылған соң) олардың атына БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады. Соған қарамастан, егер салымшылар төлем мерзімін «дәлелді себептерге» байланысты өткізіп алған болса, ҚДКБҚ-ға жазбаша өтінішпен жүгініп, ақшаларын талап ете алады. Мұндай жағдайда салымшы өтінішпен бірге өтем алуға дер кезінде өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайларды растайтын құжаттарды да тапсыруы тиіс. «Дәлелді себептердің» нақты тізбесі заңнама жүзінде белгіленген.ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша өтініштерді банк бойынша тарату үдерісі толығымен аяқталғанға дейін немесе (қаражат салымшының зейнетақы шотына аударылған жағдайда) салымшының зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін қабылдайды.Өтініш берудің толық нұсқасы Қор сайтында орналастырылған.
Атап өту керек: егер сіздің қаражатыңыз заңнамада бекітілген кепілдік шегінен асып кететін болса, оларды әртүрлі банктерде және әртүрлі шоттарда орналастыруға кеңес беріледі. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке беріледі.
Мысал келтірелік:
депозитордың бір банкте жинақ салымында 8 млн теңгесі жинақталған. Оған қоса үш ағымдағы шоттарында 6, 10 және 5 млн теңгесі бар. Егер банк лицензиясынан айырылатын болса, салымшы 18 млн теңге мөлшерінде жиынтық кепілді өтем сомасын алады (жинақ салым бойынша 8 млн теңге және басқа үш шоты бойынша жалпы 10 млн теңге). Яғни, кепілдік сомасынан асатын 11 млн теңге өтелмейді. Бұл ақшаны салымшы банктің тарату комиссиясынан кезектілік тәртібі бойынша алады.ҚДКБҚ ескертеді: жинайтын ақшаңызды бірнеше банкте әртүрлі салымдарда сақтаңыз.
Сондай-ақ қазіргі уақытта банктер өз клиенттерін нақты салым (шот) бойынша максималды кепілдік сомасы, салымның түрі, мерзімі және банк лицензиясынан айырылған жағдайда төлем мерзімі мен тәртібі туралы міндетті түрде хабардар етеді. Банк мұндай ақпаратты клиент банкке қандай жолмен жүгінгеніне қарамастан (банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы – онлайн, бөлімшелері арқылы — жазбаша) оған тиісті банк салымы шартын жасасқанға дейін ұсынады. Біз ДКБЖ-ға қатысушы банктердің салымшыларынан шартқа қол қоймас бұрын, осы маңызды ақпараттарға назар аударуларын сұраймыз.