Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында биыл қаңтар айының басында автобуспен бірге ескі шахтаның шұңқырына құлап кеткен 36 жастағы Айдос Шаймерденнің денесі табылды, деп хабарлайды Turanaqparat.kz өңірдің ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 м тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды. Ол 4 қаңтарда «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған.
Бұдан бұрын 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқаны анықталды, — делінген хабарламада.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды.
Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға болған күні Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары 2 денені тауып, жер бетіне көтерген болатын. Жұмыстар тоқтатылып, қайта жанданды.