turanaqparat.kz
РУС ENG
  • Басты жаңалық
    • Қазақстан
    • Әлем
  • Таным
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Спорт
  • Сұхбат
No Result
View All Result
  • Басты жаңалық
    • Қазақстан
    • Әлем
  • Таным
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Спорт
  • Сұхбат
No Result
View All Result
leadernews.kz
No Result
View All Result
Басты бет Таным

Қытай – музейлер елі

17 Қыркүйек, 2024
in Таным
0
Қытай – музейлер елі

Turanaqparat.kz

0
SHARES
56
VIEWS

Өткен апта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның бір топ БАҚ өкілі мен блогері Қытайға баспасөз турына барып келді. Олардың ішінде Turanaqparat.kz ақпарат агенттігінің өкілі де бар.

Іссапар аясында журналистер Шыңжаң өлкесіне, Үрімші, Қорғас, Құлжа, Ақсу, Куча қалаларына, сондай-ақ Іле қазақтары қоныстанған Нарат жайлауына барып, Алтайдың ар жағында тұратын қандастардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты.

Қытай – көрме мен музейге бай ел. Әр қалада бірнеше, тіпті әр ауылда бір музей бар ма дерсің. Бәрі кейінгі технологиямен, құрылғылармен жабдықталған. Жарқ-жұрқ еткен LED-экран, сол дәуірдің атмосферасын сезіндіре алатындай дыбыс қызықтырмай қоймайды. Елдің мәдениетін, тарихын танытуда музей ең жақсы құрал екенін Қытай бек ұғынған тәрізді. Мәселен былтыр Күншығыс еліндегі музейлерге 1,29 млрд адам барып, рекорд жаңартқан. Елде дәстүрлі мәдениетті танытатын көрнекі жерлердің саны 2012 жылы 3866 болса, 2023 жылы 7 мыңға жуықтады. Сонымен қатар ел өнеркәсіп, спорт, өнер секілді салаларға туристердің қызығушылығы артқанын байқап, бірден туристерге арналған салалық көрнекі орындар ұйымдастырған. Тіпті мақта алқабын да туристер тамашалайтын орынға айналдырып жібергеніне қалай таңғалмайсың?

Үрімші қаласынан бізбен бірге жүрген Сыртқы істер канцеляриясының қызметкері, өзіміздің қазақ қызы Шұғыланың сөзінше, барлық өңірде музей бар және бәрі тегін.

Қытайда барлық жерде музей бар. Кіру тегін. Ірі музейлерге алдын ала электронды кезекке тұрып қоюға болады. Себебі адам көп. Шетелдіктер ғана емес, ішкі туристердің де өз мәдениетін, дәстүрін тануға деген қызығушылығы жоғары. Бір кездері бізде де әр жаққа еліктеп, музей дегенді ұмытуға шақ қалған кездер болды. Бірақ үкімет дереу бұл істі қолға алып, жарнамалап, қызықтырып жатыр, — дейді Шұғыла.

Аспан асты жеріне табанымыз тиіп, қонақ үйге орналасқаннан кейін ұйымдастырушылардың ұсынысымен біз де сапарымызды жергілікті көрме мен музейлерді аралаудан бастадық. Соның бірнешеуіне тоқталайын.

Терроризмге қарсы күрес көрмесі

Көрме 1990 жылдардан бастап Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болған оқиғаларға арналған. Әр лаңкестік әрекетке стенд жасалып, суреттер қойылған. Егер видеосы сақталған болса, оны да көруге болады. Сондай-ақ лаңкестерден тәркіленген суық қарулар, пышақтың түр-түрі, қаза тапқан құрбандардың қан-жоса болған суреті де көрмеде бар.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай дәлелдердің көмегімен авторлар келушілерге сепаратистер мен террористердің қаншалық жауыз болатынын көрсеткісі келген.

Деректерді ести келе, Сирия мен Ирактағы ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) баскесерлері адамды жауыздықпен өлтіріп, оны видеоға түсіруді, ұрлап кетіп, азаптауды алғашқы болып жасамағанын аңғардық. Шыңжаңда мұның бәрі ертерек басталған екен.

Келушілер сепаратизммен күрес тәсілдерімен танысқаннан кейін мемлекет Шыңжаң тұрғындарына қандай жағдай жасап отырғаны көрсетілетін залға өтеді. Үкімет Шыңжаңда тұратын 56 этникалық топқа: ұйғыр, қазақ, дүнген, қытай мен басқа да тұрғындарға экономикалық өсім, саяси тұрақтылық, қауіпсіздік, жеке кәсібін ашу, мемлекеттік қызметте өсу сынды мүмкіндіктерді ұсынатыны айтылды.

2012 жылы ҚХР басына Си Цзиньпин келгеннен кейін лаңкестікпен күрес шараларын қолға алып, заң қабылдаған. Соның нәтижесінде Шыңжаңда 2016 жылдан кейін лаңкестік әрекет болмаған деп түсіндірді гид. Айтпақшы, көрме ішін суретке түсіруге рұқсат бермеді.

Қытай мәдениеті үйі

Қазақ-Қытай шекарасындағы Қорғас қаласында орналасқан «Қытай мәдениеті үйі» 2092 шаршы метр аумақты алып жатыр. Биіктігі 23,7 метрлік ғимараттың жалпы аумағы – 8290 шаршы метр. «Мәдениет үйінің» құрылысына кеткен инвестиция көлемі 130 млн юаньнан (9 млрд теңгеге жуық) асып түсіпті.

Мұнда Қытайдың көне жазбалары, мәдениеті, әлеуметтік қызметтері, тұрмыс-тіршілігі, театр өнері туралы ақпарат көрсетілген. Көне қытай даналарының ғылым мен техника, шығыс өнері, драматургиясы туралы жазбалар бар.

Көне молалар музейі

Биыл тамызда әлемдік басылымдар Қытайдың Шыңжаң өлкесінде алғашқы молалар музейі ашылғаны туралы жарыса жазды. Дәл осы жерде, Ұлы Жібек жолының орталығында екі мың жыл бұрын аңызға айналған Цюцы патшалығының орталығы болған.

Музейге келушілер виртуал шындық технологиясының көмегімен көне патшалықтың ішінде жүргендей сезініп, осы жерде тұрған адамдардың сенімі, тұрмысы және дәстүрімен танысады.

Көне молалар музейінің қызметкері Куче Мэйдің сөзінше, музей жаңа болған соң келушілер саны көп.

 Мұнда планшет бар, бір ғана батырманы басып, молалардың қалай жасалғаны, жерлеу рәсімдері мен сол дәуірдің салты туралы мағлұмат тыңдауға, көруге болады, — дейді ол.

Музейде кірпіштен жасалған 15 табыт, есіктер, жерасты жолы мен бүйір камералар бар. Мұның бәрі Хан империясының жерлеу дәстүрі стилінде жасалған. Шыңжаңда бұған ұқсас жаңалық бұрын-соңды ашылмаған екен.

800 аккордеон сақталған музей

Құлжа қаласында туып-өскен музыкант Александр Зазулиннің топтамасында әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ Ресей, Аустралия, Канада, Германия, Оңтүстік Корея және басқа елдерден жиналған 800-ден астам аккордеон бар. Ең көне аккордеонның сақталғанына 300 жыл болған.

Александрға әр елден коллекция жинаушылар келіп экспонаттарын қомақты сомаға сатуды сұраған. Бірақ ол ешқайсысына келіспеген. Оның ерекше хоббиі мен аккордеондарға деген махаббатын естіген Құлжа қаласының үкіметі 2019 жылы Люсин көшесі бойында аккордеон музейін жасауға қаржы бөліп, оның топтамасын қойған.

Ғимараттың ішінде музыканттар бос уақытында аккордеонда ойнайтын бөлме бар. Сонымен қатар Александр басқа да музыканттармен бірлесіп 13 адамнан тұратын ансамбль құрды. Оның құрамында қытай, ұйғыр, қазақ, орыс, қырғыз, татар ұлтының өкілдері бар.

Алдыңғы пост

900-ге жуық астаналық баспаналы бола алады

Келесі жаңалық

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы тағайындалды

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Мамыр 2025
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031  
«    
Turanaqparat.kz ақпарат агенттігіне 2023 жылғы 19 наурызда ҚР Ақпарат және Коммуникация министрлігінің №KZ куәлігі берілген.
Телефон:+7 778 611 6713
Почта: info@turanaqparat.kz

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде turanaqparat.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Басты жаңалық
    • Қазақстан
    • Әлем
  • Таным
  • Қоғам
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Спорт
  • Сұхбат

Turanaqparat.kz ақпарат агенттігі