Шыңжаң бұрыннан қытайлықтар арасында ән мен бидің отаны ретінде танылған. Мұнда тұратын ұйғырлар – музыкаға жақын халық. Олардың мәдениеті туралы айтқанда ұлттық музыкалық аспаптары бірден ойға оралады. Қытай елшілігі ұйымдастырған тур кезінде тұрғындарының барлығы дерлік музыкалық аспап шығарумен айналысатын ауылға ат басын бұрдық.
Шыңжаңның оңтүстігінде орналасқан Токсу уезінің Гаи ауылында 100-ден астам шаруа отбасы өмір сүреді. Ежелгі Куча мемлекетінің орталығы болған ауыл 200-300 жылдан бері ұйғырлардың ұлттық музыкалық аспаптарын шығарумен айналысады. Олардың қатарында дутар, тамбур, равап, сатар сынды түрлері әсіресе танымал.
2007 жылы ұйғырдың музыкалық аспаптарын жасау өнері Шыңжаңның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне қосылды. Ал 2008 жылы мемлекеттік дәрежедегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. 2011 жылы уез Қытайдағы 4А дәрежелі туристік нысандардың қатарына қосылды.
Қазір әрбір ауыл тұрғынының өмірі музыкалық аспаптармен байланысты. Кейбірі музыкалық аспап жасайтын цехтарда жұмыс істейді. Екіншілері үйлерінен дүкен ашып, оны әлеуметтік желі, интернет арқылы сатады.
Ауылда 2013 жылы ашылған музыкалық аспаптар музейі бар. Көрмені аралап жүріп арасынан өзіміздің қара домбырамызды, сыбызғы мен асатаяқты көріп қуанып кеттік. Гидтің сөзінше, сұраныс болса цех жұмысшылары кез келген ұлттың аспабын жасауға дайын.
Бұл жер – балалардың күлкісі мен музыканың көркем үні үйлесім тапқан, табиғаты әсем, тып-тыныш, жайлы мекен тәрізді көрінді маған.
Музейден шыққаннан кейін жергілікті тұрғындардың басым бөлігі жұмыс істейтін цехтің жұмысымен танысуға келдік. Бұл жерде аптасына мыңға жуық дутар жасалады екен. Ал сатарды жасауға шамамен 3 айдай уақыт қажет. Ауылда көп өсетін тұт ағашы – қолөнершілер үшін баға жетпес қазына. Себебі аспаптардың көбі дәл осы ағаштан жасалады. Мәселен, сатарды дайындау үшін тұт және түйе сүйектері қолданылады.
Цехті аралап жүріп, аспапты әсемдеу үшін лента қиып жатқан ұйғыр келіншектің жанына барып, әңгімеге тарттым.
Ауыл тұрғыны 45 жастағы Нұрмангүл де осы жерде аспап жасаумен айналысады. Оның сөзінше, тапқан табысы да, жұмыс тәртібі де әйел адам үшін ыңғайлы жасалған.
Мен осы ауылда тұрамын. Осында жұмыс істеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Жалақым – 2 мың юань. Кейде тапсырыс көп болып, қосымша жұмыс істесек 3 мыңға дейін табуға болады. Жұмыс орным үйіме жақын. Балаларға қарап, мектепке тасып, арасында үйге барып тамақ істеп келуге мүмкіндігіміз бар. Жолдасым да осында жұмыс істейді. Бұл жер музыкалық аспаптар кенті болғандықтан, көбі осы жұмыспен айналысады. Біреулер біз сияқты жалақыға жұмыс істесе, екіншілері үйден өздері жасап сатады. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметте істейтіндер, егін шаруашылығымен айналысатындар бар. Үйіне туристер қабылдап, орналастырып табыс табады кейбірі. Мына жаққа қарай құмды жер бар, туристік орынға жатады. Саяхатшыларды сол жаққа апарып, мотоциклге мінгізіп, қыдыртып, саудамен айналысып та күнкөріс қамын жасап жүр тұрғындар, — дейді ауыл тұрғыны.
Ауылда аспап жасау өнері атадан балаға мұра болып беріледі. 54 жастағы Алимран ағаның әкесі де, атасы да қолөнер шебері болған. Енді ауыл тұрғынының өзі де, баласы да осы істі кәсіп етіп отыр.
Бала кезімнен атам мен әкемнің қалай ұлттық аспаптарды жасағанын көріп өстім. Сол себепті кәсіп таңдауда да аса қатты бас қатырған жоқпын, қолымнан келетінін істейін деп ұйғардым. Бұл – мен үшін жұмыс қана емес, әкем мен атамның мұрасы тәрізді көрінеді. Балам да осы жұмысты істеймін дегенде ұрпақ сабақтастығы жоғалмайтын болды деп қуандым. Тауып отқан нәпақамыз күнкөрісімізге жетіп артылады.
Оған қоса бұл жер туристік орынға айналғалы саудамыз жүріп, тапсырыс көп түсетін болды. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің ісі бір болғандықтан айтар әңгімеміз де, ойымыз да ортақ, — дейді Алимран аға.
Гаи туристер көп келетін аймаққа айналғалы гүлденіп сала берген. Ауылда шығарылған өнімдер Қытай аумағы ғана емес, шекара асып, Еуропа, Жапония, Кореяның нарығына да шығарылады екен.