Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімі бойынша базалық мөлшерлеме жылдық 18% деңгейінде қалды. Мөлшерлеме +/- 1 пайыздық пункт дәлдігінде бекітілді.
2025 жылы инфляция 12,3% болды, бұл Ұлттық банктің алдын ала болжамымен сәйкес келеді. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік бағасының өсуі (13,5%) ең үлкен үлес қосқан. Ет пен май бағасының қымбаттауы өндіріс шығындарының өсуіне және жоғары экспорттық жеткізілімдерге байланысты болып отыр.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция соңғы айларда айырбастау бағамының нығаюына орай төмендеп, 11,1%-ға жетті. Ал әкімшілік шаралар арқылы реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифінің төмендеуі ақылы қызметтердің бағасының өсу қарқынын 12%-ға дейін баяулатты.
2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9%, базалық инфляция 0,8% деңгейінде қалып отыр.
«Инфляция негізінен ұсыныс мүмкіндігінен асып түсетін ішкі сұраныс жағдайында қалыптасып отыр. Тарифтік реформалар мен ЖЖМ нарығын ырықтандырудың қайталама әсері бағаларға ықпал етті», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,7% деңгейінде, нарықтағы кәсіби қатысушылардың болжамдары 2026 жылға дейін 10,8%-ға дейін өсті.
Дүниежүзілік нарықта азық-түлік бағасы аздап төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде. Ресейде инфляция қатаң ақша-кредит саясатының әсерімен баяуласа, ЕО елдерінде тұрақты төмендеу байқалады. АҚШ-та ФРЖ саясаты инфляциялық тәуекелдерді арттырып, мөлшерлемелерді біртіндеп төмендетуге әсер етуде.
2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5% өсті. Жоғары қарқын көлікте, құрылыста, саудада, сондай-ақ тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде сақталған.
Ұлттық Банк:
- Инфляцияның өсуіне ұсыныстан асып түсетін сұраныс, реттелетін тарифтер және ЖЖМ бағасының өсуі сияқты ішкі факторлар әсер етеді.
- Қатаң ақша-кредит саясаты, тұтынушылық кредит берудің баяулауы, артық өтімділікті қысқарту шаралары инфляцияны тұрақтандыруға ықпал етеді.
- Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейде 2026 жылғы бірінші жартыжылдық соңына дейін сақталу ықтималдығы жоғары.
Келесі базалық мөлшерлеме бойынша шешім 2026 жылғы 6 наурызда, Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
