Вьетнамда жоғалып кеткен қазақстандық Әсем Әубәкір табылды, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Сүйінші жаңалықты бойжеткеннің туыстары бөлісті. Дегенмен, жақындарының айтуынша, оның қазіргі жағдайы туралы әзірге толық ақпарат берілмейді.
Маған әзірге оның жағдайы туралы айтпауымды өтінді. Сыртқы істер министрлігіне, полицияға, Ішкі істер департаментіне және көмектескен барлық адамға алғысымды білдіремін. Қазір басты мәселе – ұшып бару. Ең жылдам рейспен тезірек жету керек. Ол қазір консул Тимурмен бірге, мен оны видеоқоңырау арқылы көрдім. Барлығыңа сәлем жолдады. Әзірге бұдан басқа ештеңе айта алмаймын. Ең бастысы – оны тапты. Барлығыңызға рахмет, – деді Әсемнің әпкесі.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық бойжеткеннің Вьетнамда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланған болатын. Сондай-ақ, жоғалған бойжеткенге қатысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған еді.
