Атырау қаласындағы «Геолог» шағынауданында табылған екі адамның мәйітінен өткір затпен салынған жарақаттар анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина. Алдын ала тексеру барысында олардың денесінде өткір заттан қалған жарақат белгілері бар екені белгілі болды.
Құттыбай Садықовтың айтуынша, өлімнің нақты себебі мен оның қашан болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін ғана анықталады.
Тергеу аясында арнайы сараптама тағайындалған. Қазір құқық қорғау органдары барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін полиция Жангелдин ауылында бір отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін оқиға орнына жеткізген болатын. Тергеу барысында күдікті қылмыстың қалай жасалғанын көрсеткен.
Алдын ала деректерге сүйенсек, ол қайын атасы мен қайын енесін өлтіріп, кейін олардың мәйіттерін үй ауласындағы қора ішінде көмген. Күдікті шамамен 1,5 метр тереңдікке шұңқыр қазып, денелерді сонда жасырған. Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстың ізін жасыру үшін үстіне диван қойғаны да анықталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты және олардың екі ересек баласынан тұратын отбасының хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған еді. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
