АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жүргізіп жатқан әскери операциясы аясында әлемдік мұнай бағасы қайта өсе бастады.
Сауда-саттық нәтижелеріне сәйкес, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айына арналған фьючерстері 14,57 пайызға қымбаттап, баррелі 100 доллардан асты.
Сонымен қатар, WTI маркалы мұнайдың сәуір айындағы фьючерстерінің бағасы да айтарлықтай өсті. Оның құны 14,06 пайызға көтеріліп, бір баррелі 95,18 долларға жетті.
Еске салайық, 9 наурыз күні Ирандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет 100 долларлық межеден асқан еді. Сол күні Brent маркалы мұнайдың бағасы тіпті 116–119 доллар шамасына дейін көтерілді.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның күрт өсуіне Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының бұғатталуы мүмкін деген қауіп әсер еткен.
Алайда 10 наурызға қарай мұнай бағасы біршама төмендей бастады. Нәтижесінде бір баррельдің құны 95 доллардан төмен түскені байқалды.
