Астана қаласының ветеринариялық қызметі әлеуметтік желілерде тараған «елордадағы дәмханаларға 750 келі иттің еті жеткізілген» деген ақпаратқа байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, желіде және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы ескі ақпарат қайта тарап кеткен.
Мамандар бұл деректердің 2023 жылы Ақмола облысында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты тіркелген оқиғаға байланысты екенін түсіндірді. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, іс сотта қаралған. Нәтижесінде кінәлі тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
«Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарына мұндай өнімнің жеткізілгені, сатылғаны немесе пайдаланылғаны ресми түрде расталған жоқ», – делінген ветеринариялық қызмет хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізілетінін атап өтті. Оның аясында өнімдердің ілеспе құжаттары тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады.
Астана қаласының ветеринариялық қызметі қазіргі уақытта ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді.
Ведомство тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.
