Ақмола облысы Біржан сал ауданы Қоғам ауылында ежелден келе жатқан дәстүрді сақтап тасаттық берді.
Қоғам Астана-Көкшетау күрежолының дәл ортасында орналасқан шағын ауыл. 100-ге жуық үй орналасқан елді-мекенде негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, тасаттық жаңбыр тілеп, су мол болып, жер құнарлы, астық мол болуы үшін жасалады. Іс-шараны ауылдықтар өз күшімен ұйымдасып өткізген. Басты асқа ірі қара малды ауылдағы шаруа қожалығының басшысы Құттымбет Шәріпов атаған. Ал тұрғындар бірлігі мен ұйымшылдығын көрсетіп, өзге дүниені ұйымдастырып, ауыл сыртына бір адамдай жиналған.
Тасаттық 1 маусым Балаларды қорғау күнінде ұйымдастырылғандықтан, тасаттыққа жиналған балаларға тегін балмұздақ та таратылды.
Тасаттық — қазақ халқының ежелден келе жатқан діни-дәстүрлік ғұрпы. Әдетте жаңбыр сұрағанда, құрғақшылық болғанда немесе ел амандығы, мал-жанның тыныштығы үшін Алладан тілек тілеу мақсатында жасалады.
Тасаттық кезінде:
- мал сойылып,
- құран оқылады,
- дұға жасалады,
- халыққа ас беріледі.
Бұл рәсім көбіне ауыл болып ұйымдастырылып, адамдар бірлік пен қайырымдылық көрсеткен. Кей өңірлерде су жағасында немесе әулие орындарда өткізілген.
«Тасаттық беру» деген тіркес те осыдан шыққан. Негізгі мағынасы — табиғаттың берекесін сұрап, Жаратқанға жалбарыну.
