Қазақстанның барлық сайлау учаскелерінде Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 9 352 151 сайлаушы бюллетень алған. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 74,19%-ын құрайды.
Орталық сайлау комиссиясы еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғанын хабарлады. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кірісті.
Сайлау заңнамасына сәйкес, учаскелердегі дауыстарды санау дауыс беруді аяқтағаннан кейін басталады және санау басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауға тиіс.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өңірлердегі сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші мынадай:
- Астана қаласы – 51,67%;
- Абай облысы – 81,41%;
- Ақмола облысы – 82,69%;
- Ақтөбе облысы – 88,30%;
- Алматы облысы – 71,17%;
- Атырау облысы – 70,74%;
- Батыс Қазақстан облысы – 73,38%;
- Жамбыл облысы – 85,18%;
- Жетісу облысы – 91,19%;
- Қарағанды облысы – 76,28%;
- Қостанай облысы – 76,47%;
- Қызылорда облысы – 90,75%;
- Маңғыстау облысы – 71,38%;
- Павлодар облысы – 71,20%;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 77,31%;
- Түркістан облысы – 92,16%;
- Ұлытау облысы – 70,72%;
- Шығыс Қазақстан облысы – 87,50%;
- Алматы қаласы – 43,23%;
- Шымкент қаласы – 75,42%.
Аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына электрондық байланыс арналары арқылы дауыс беру мен дауыстарды санаудың алдын ала нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады.
Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс берудің алдын ала нәтижелері арнайы брифингте жарияланады. Брифингтің уақыты қосымша хабарланады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы туралы ақпараттандыру жұмысын аяқтады.
