Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында шыққан өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
25 тамызда сағат 12:55-те «112» пультіне зауыт аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама түскен. Нысанның ерекшелігі ескеріліп, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілген.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», Атырау халықаралық әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 техника жұмылдырылды.
Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған күштер мен құралдардың іс-қимылы үйлестірілді.
Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, жалынның одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді.
Бұған дейін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС 25 тамызда сағат 12:35-те зауыттың жабық типтегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында мұнай шламының тұтанғанын хабарлаған. Зауыттың мәліметінше, оқиға кезінде нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
