АСТАНА. Turanaqparat.kz — Елордада Қытай мәдениеті күні өтті.
Қытай мәдениеті күнін “ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандықтарды қытай мәдениетімен таныстыру, екі ел халқын мәдениет арқылы бір-бірін өзара түсінуге шақыру.
30 жылдан аса уақыт ішінде Қазақстан мен Қытай арасында тығыз мәдени байланыстар орнатылды.
Мәдениет күні аясында қонақтар қытай дәстүрлі шай дайындау рәсімімен танысып, хого деп аталатын қытай ұлттық тағамының қалай дайындалатынын көріп, адамдарға сергектік, өзін қорғап, психикалық тепе-теңдік беретін ерекше өнер – цигун, у-шумен танысуға мүмкіндік алды. Осылайша қытай тілі мен салт-дәстүріне қызығатын елордалықтар қытай мәдениетіне одан сайын тереңірек үңіліп көрді.
Сонымен бірге Қазақстанда оқитын Қытай студенттері де іс-шарада қазақтың мәдениетімен де таныса алды. Мысалы, қазақтың әндерін тыңдап, мың бұралған қазақ қыздарының биін тамашалады.
“ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джамиля Елеусізова іс-шараның маңызына тоқталды.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр Қазақстан мен Қытай дипломатиялық байланыстың 30 жылдығын атап өтті. Осы жылдар аралығында екі ел бірқатар нәтижелі жобаларға қол жеткізді. Мен соның бірі – елдеріміз арасындағы визасыз режим деп есептеймін. Енді визасыз режимнің арқасында қазақстандықтар Қытайға емін-еркін бара алады. Сондай-ақ қытайлықтар да елімізге саяхаттап келе алады. Осылайша елдеріміз арасындағы мәдени байланыс нығая түседі, — деді Джамиля Елеусізова.
ҚХР ЖОО түлектерінің достығы басшысы Қытай мәдениеті күнін өткізу арқылы екі ел мәдениетін қонақтарға жақынырақ таныстыруды мақсат еткенін атап өтті.
Біз бүгін Қытайға қызығушылық танытатын қонақтарды мерекелік кеште көргенімізге қуаныштымыз. Арамызда тіпті цигун, у-шумен айналысатын аға буын өкілдері де бар. Қытайда болғандар зейнеткерлердің өз денсаулығына қалай көңіл бөлетінін біледі. Біз жас ұйым ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің достығынан үлгі аламыз. Қасым-Жомарт Тоқаев қытай тілін өте жақсы біледі. Президентіміз тілді білу бір бөлек, сонымен бірге қытай мәдениетін де түсіну маңызды екенін айтқан болатын. Жалпы ең алдымен өзге елдің мәдениетін түсініп алып, содан кейін тіл үйрену қажет, — деп айтты Джамиля Елеусізова мәдениет күнінің ашылуында.
Мерекелік концертте қонақтар қытайдың “Үлкен айдаһар” биін тамашалап, қобыз үнін тыңдады.
Қытай мәдениеті күніне келген елордалық Дана Смағұлова қытай мәдениеті жайлы көбірек түсінгенін айтты.
Бүгінгі іс-шараға мені досым шақырды. Кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Біз қытай ұлттық тағамдарының дәмін татып көргенімізге өте қуаныштымыз. Сонымен қатар қытай мәдениеті туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін түрлі шеберлік сабақтары болды. Бізге ойындар мен жарыстарға қатысу, әндерді болжау және басқа қонақтармен қызықты сәттерді бөлісу ұнады. Бұл тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар танымдық болды. Себебі біз Қытайдың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы көбірек біле алдық. Мен көп нәрсені үйрендім, әсіресе шай рәсімін атап өткім келеді, — деді ол.
Дана осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегін айтты.
Бұл жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін Қытай мәдениетімен, оның тағамдарымен және дәстүрлерімен тереңірек танысуға тамаша мүмкіндік. Ұмытылмас кеш үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз және алдағы уақытта жаңа кездесулер күтеміз, — деді елордалық.
Қонақтар қазақ-қытай мәдениетін көрсететін мерекелік концертті тамашалап, викторинаға қатысып, түрі форматта қойылған сұрақтарға жауап берді.