Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшыларының кеңесі аясында Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адхам Икрамовпен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Turanaqparat.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар келіссөз барысында екі елдің спортшыларын даярлау саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін, сондай-ақ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Ұлттық спорт түрлерін дамыту перспективаларын талқылады.
Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасында спорт саласында тығыз ынтымақтастық орнатылғаны атап өтілді. 2023 жылы Қазақстан спортшылары Өзбекстан аумағында 30 спорттық іс-шараға қатысса, биылғы алғашқы жарты жылдықта отандастарымыз 19 турнирде бақ сынаған. Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының құрамасы Қазақстан аумағындағы халықаралық спорттық жарыстарға да белсенді қатысып келеді.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі өзбекстандық әріптесіне Алматы облысында орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығының базасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді ұсынды.
Олимпиадалық даярлау орталығы ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналады. Спорт нысандарында бір уақытта 2300 спортшы шыныға алады. Мұнда спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалары даярланады. Өзбекстан Республикасының спортшыларына аталған базада оқу-жаттығу жиындарын өткізуді ұсынамыз, — деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ әңгіме барысында ведомство басшысы Ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне жеке тоқталды. Министр елімізде жыл сайын Ұлттық спорт түрлері бойынша мыңнан астам түрлі деңгейдегі жарыстар өткізілетінін және «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» жұмыс істейтінін атап өтті.
Кездесу соңында Ермек Маржықпаев өзбекстандық әріптесін қыркүйек айында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына, сондай-ақ 9 қыркүйекке жоспарланған Түркі кеңесі мемлекеттерінің Жастар істері және спорт министрлерінің отырысына қатысуға шақырды.