Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ОКҚ-да өткен брифингте қандастардың қоныс мәселесі қалай шешілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Көші-қон комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері елге барлығы 21 325 қандас келді.
Жылдан жылға елге келетін қандастардың саны артып келеді. Мысалы, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 мың адамға көбірек қандас келген. Бүгінгі таңда құжаттарды қабылдау шет елдердегі мекемелер немесе «Е-қонақ» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, — деп айты Ертаев брифингте.
Оның айтуынша, шет елдердегі мекемелер ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. «Қандас» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне 42 елшілік пен консулдық мекеме қосылған.
Бұған қосымша өткен жылдың қазан айынан бастап «Е-қонақ» мобильді қосымшасы арқылы қандас мәртебесін беруге өтініш беру қызметі іске қосылды. Бұл өтініштерді қарау процесін жеңілдетуге мүмкіндік берді, — деп түсіндірді комитет басшысы.
Қандастарды қоныстандыру 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады:
Бірінші. Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтары бар адамдар өз бетінше жұмысқа орналасуға және қандас мәртебесін ала отырып, қоныстандыру үшін кез келген өңірге жіберіледі.
Екінші. Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан бірі жақын туыстары бар адамдар туыстарының тұрғылықты жері бойынша өңірлерге қоныстануға жіберіледі.
Үшінші. Сұранысқа ие кәсібі не жақын туыстары болмаған жағдайда этникалық қазақтар мемлекеттік қолдау шараларын ала отырып, Үкімет айқындаған өңірлерге жіберіледі.
Төртінші. Агломерация аумағына және демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуетіне ие ауылдық елді мекендер мен қалаларға жіберіледі.
Бесінші. Бұл Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар, оқу орнынан анықтама ұсынады.