Сарыағаш ауданында 47 келі “көкнәр” өсіріп келген азамат ұсталды. Полицейлер күдіктінің ауласынан 2400 түп есірткіге ұқсас өсімдік айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Зерттеу қорытындысына сәйкес ол, жалпы салмағы 47 келі болатын «көкнар» екені расталды.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК 300-бабымен “Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру” тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу істің толық мән-жайын және күдіктінің үйде есірткі заттарын қандай мақсатта өсіргенін анықтайды.
“Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Сарыағаш ауданының полицейлері бірлесіп, ауыл тұрғындарының бірінің үйіндегі ірі есірткі егістігін жойды. Толығырақ айтсақ, кезекші бөлімге тұрғындардың бірі құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті.
Ақпарат алысымен полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Сол арқылы “көкнәр” өсіріп келген азамат ұсталды”,-дейді ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бақармасының жедел уәкілі Әділет Әметбеков.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер де, сіз, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың куәсі болсаңыз немесе осындай жайттар туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
Мөлдір Ибадуллаева