Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп – гимназиясының оқушылары Нұр –Сұлтан қаласында өткен «Ұлттық мектеп лигасы» республикалық турнирінен жеңіспен оралды. Волейболдан өткен жарыс жеңімпаздармен Түркістан облысы əкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевпен кездесті. Ел мерейін үстем еткен жас спортшыларға қолдау көрсетіп, сәттілік тіледі.
«Міндетті түрде ары қарай осы спортты дамытып, кәсіби деңгейге шығаруға күш салу керек. Біз тек қолдаймыз. Бұл жеңіс – өңіріміздің жастарына үлкен үлгі. Алдағы сайыстарда жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер, -деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс басшылығы тарапынан мектеп оқушыларының жаттықтырушы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржігіт Шектібаевқа қошамет көрсетілді.
Ұлттық мектеп лигасы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылуда. Лига «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Алтын доп» (баскетбол), «Шұбар доп» (волейбол), «Былғары доп» (футбол), «Былғары доп – Балдаурен» (футбол), Асық ату, бес асық, президенттік тест, үстел теннисі, тоғызқұмалақ жарыстарынан тұрады. Республикалық дода Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Щучье, Алматы, Семей, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Орал қалаларында өтіп жатыр.
Жалпы 9 спорт түрінен 34 жарыс өтеді, онда 3500-ға жуық оқушы қамтылады. Лигаға 850 төреші тартылған, 5-6, 7-8, 9-11 сыныптардың оқушылары қатысады, жарыстар 4 сәуірден бастап маусымның аяғына дейін жалғасады.