«Жасыл ел» – еңбек жасағы 2005 жылы Елбасының «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы жастар ұйымы. Негізгі мақсаты Біріншіден, жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету.
Екіншіден, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады. Демек, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту.
Үшіншіден, Жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
Осының негізінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму: біздің еліміз үшін бірінші кезектегі мәселе, маңызды және негізгі міндетіміз. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деген болатын. Бүгінде «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды. Жоспар бойынша 3 ай көлемінде Шымкент қаласындағы «Жасыл ел» штабы 1313 жас қаланың тазалығына, мегаполис аумағындағы аудандарда тұратын ардагерлердің үйлерін тазалауға және мемлекеттік маңызы бар сакралды нысандардың ауласындағы ағаштарды әктеп гүлдерді суаруға тарту көзделген. Қазіргі таңда Шымкент қаласында, маусым айының 24 -нен бастап 24 шілде аралығында 500 жас аталған бағдарлама негізінде жұмысқа тартылып 45 га жер тазаланып шамамен 50-60 тоннаға жуық қалдықтар шығарылған. Өз кезегінде қала жастары «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көрсетілген бағыттар бойынша Шымшаһардың шырайын кіргізуге атсалысуда.