ҚР Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жоспарланған жұмыс сапары аясында қала мәслихатының депутаттарымен кездесу өткізді.
Өткізілген отырыста өз салалары бойынша сенаторлар бірқатар атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде, мәслихат депутаттары білім, медицина, инфрақұрылым мен басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Сенат депутаттарына өңірге қатысты түйткілді мәселелерді республика деңгейінде көтеріп, олардың шешілуі жолында жасап жатқан еңбектеріне алғысын білдіріп, елімізді өркендетудегі игілікті істеріне сәттілік тіледі.
Жиын соңында сөз алған сенаторлар барлық айтылған ұсыныс-тілектер алдағы уақытта ескеріліп, жұмыс барысында қаралатындығын және Шымкент қаласын түлетуге барынша атсалысатындықтарын жеткізді.