Қазақстандағы Қытай елшілігінің ұйымдастыруымен бірнеше журналист, оның ішінде Turanaqparat.kz ақпарат агенттігінің тілшісі де Қытайға сапарлап қайтқанын жазған едік. Сапар кезінде 1,5 млн қандасымыз тұратын Іле-Қазақ автономиялық округін, оның ішінде Күнес ауданын көріп, алыстағы ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.
Іле-Қазақ автономиялық округінде 4 млн 800 мың адам тұрады, оның 25%-і – қазақ. Ал осы округтегі Күнес ауданындағы 300 мың тұрғынның тең жартысы қандасымыз.
Бауырыңа бір барып,
Енейінші, Күнес-ай!
Көзім алды дымданып,
Келейінші, Күнес-ай!
Қаймана қазақтың туған жерге деген сағынышын дөп басып жеткізген сырлы әуеннің авторы – қазаққа «Көк тудың желбірегені» әні арқылы танылған, композитор Ермұрат Зейіпханұлы. Күнес – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алашорданың арғы беттегі жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлы, атақты күйші Әшім Дөңшіұлы, жоғарыда біз айтқан әнді орындаушы Ұшқын Жамалбек сынды танымал тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен.
Дәл осы жерде аңызға айналған, табиғаты көрген адамды таң-тамаша ететін Нарат жайлауы бар. Танымал саяхат орнына айналған Нараттың жер аумағы – 1840 шаршы шақырым. Теңіз деңгейінен 1800 метр биікте орналасқан. Үш жағын тау қоршап тұр. Өңір тұрғындары бұл жерді жәннатқа балайды. Ал «нарат» сөзі моңғол тілінен аударғанда «күнді ең ерте көретін жер» деген мағынаны білдіреді екен. Аңыздарда Шыңғысхан Батысқа жорық жасағанда, бір мың қол кейін тартыныпты деседі.
Әлі қар ери қоймаған көктем мезгілі болса керек. Аштық пен суыққа шыдамаған жауынгерлер асудан аса алмаған. Сол сәтте тау суы сыбдырап жатқан кең жайлауды көздері шалып, мәз болады. Бұлттар арасынан күн шығып, шұғыласын төккенде сарбаздар еріксіз «нарат, нарат» деп айқай салыпты. Осылайша бұл өлке Нарат аталып кетіпті.
Тянь-Шань тауының бөктерінде орналасқан жайлау 1999 жылы ашылған. Қытай 2011 жылы Нарат жайлауын 5А, яғни жоғары дәрежелі туристік аймаққа енгізген. Саяхатшылар ағыны өте жоғары. Жаздыгүні мұнда күніне 40 мың турист келеді екен. Тұрғындар саяхатшыларға ат мінгізіп, түрлі ас-ауқат дайындап, киіз үйдің ішін гест хаусқа айналдырып табыс табады. Шетелдіктерден бөлек мұнда келетін ішкі туристер де өте көп. Бір қызығы – қытайлықтар Нарат жайлауына келіп қазақтың дәстүрі, мәдениеті, өнері және ас-ауқатымен танысады.
Көліктен түсе салаған бетте құлағымызға «Адай» күйі шалып, қуанып кеттік. Елден келгенімізді естіген қандастарымыз тәтті-дәмдісін, сатып жатқан сорпасы мен бауырсағын тегін ұсынды. Біз келерден бір күн бұрын қар түсіп, біз барамыз дегенше еріп кетіпті. Тоңғанымызға қарамай бауырларымызбен тілдессек деп жан-жаққа тарап кеттік. Шеткері жақта тұрған екі ағаны көріп «аға, қазақсыз ба?» деп жанына жүгіріп бардым. «Балам, елден келдің-ау деймін» деп аға да әңгімесін айта кетті. Әділнұр аға осы өңір туып-өскен екен.
Жеті атамыздан бері осы жерде тұрамыз. Біз мұнда мал бағамыз, ат байлаймыз, саяхатшыларды күтеміз, тіршілігіміз жақсы. Күнделікті тауып жатқан табысымыз өзімізге жетеді. Мұнда киіз үй тіккендердің бәрі – қазақ. Жазда жайлауда, өзіміздің киіз үйде тұрамыз. Күн салқындағанда қыстаққа, үйімізге қайтамыз. Енді бір он күнде көшсек деп отырмыз, — дейді ол.
Ағаның сөзінше, бұл өңірге келетін турист көп. Қазақстаннан, Алтай, Тарбағатайдан, Өзбекстаннан саяхатшылар келеді.
Қазақстанда туыстарымыз бар. Алдыңғыларының көшкеніне – 20, кейінгілеріне 10 жыл болды. Қыдырып барып қайтқымыз келеді, әзірге жол түспей жатыр, — дейді аға.
Әділнұр аға жылқы, сиыр, қой ұстайды.
Соғым соямыз. Қыста жылқы етін, жазда сиыр, қой етін жейміз. Мал байлап, етін сатамыз. Жылқыны негізінен өзіміздің қазақтар алады, басқа халықтар жемейді. Қойдың бағасы шамамен – 1000 юань, сиыр – 10 мың юань. Келісі – 40, 45 юань шамасында. 2 жылдан бері малдың жағдайы да төмендеді. Бұрынғыдай емес. Ет арзандап кетті, — деп жағдайын айтты.
Әділнұр ағаның балалары қалада оқиды, алды қызмет істеп жатыр екен. «Елге көшу ойда жоқ па» деген сұрағымызға «балалар осында, тіршілігіміз бар, жағдайымыз жақсы. Оның үстіне атамекен қонысымыз да осы жер ғой» деп қысқа қайырды. Қайтарда «тоңып қалыпсыңдар, үйге жүрсеңдерші, асықпай әңгіме айтайық» деп қолқа салды. Уақыт шектеулі болғандықтан ағаның отбасына амандық тілеп, қош айтыстық.
Айтпақшы, туристік орынның аумағына үлкен сахна қойылыпты. Мұнда күн сайын таңғы 10:00 мен 14.00-де, яғни екі рет қазақша концерт ұйымдастырылып, әуезді ән айтылады, бишілер мың бұрала билейді. Сонымен қатар тұсаукесер, беташар сынды дәстүрлер көрсетіліп, қазақтың мәдениеті таныстырылады.
Бізге гид болған Дегдар Нұрғазықызының айтуынша, бұл жер – 11 қыстақтың жаздық жайлауы.
Бұл жерде саяхатшыларға арнайы жасалған киіз үйлер бар. Одан бөлек мал бағатын шаруалар тұратын киіз үйлер саны 10 мыңнан асады. Олар жаз кезінде осында тұрып, күн суыта бастағанда қыстаққа көшеді, — дейді гид.
Нарат жайлауына жазда кіру ақысы – 95 юань. Ол екі күнге жарайды. Бұдан бөлек автобуспен Нараттың ішіндегі Ақөзен жайлауына бару – 40 юань, күздік жайлауға бару бағасы – 24 юань, тағы біріне кіру – 40 юань. Өз көлігіңізбен баруға да болады.
Тұрғындар, әдетте, сауда, туризм, мал, егін шаруашылығымен айналысады. Облыс тұрғындарының көбі қазақ болғаннан кейін әкімшілік, мектеп сынды мекемелерде, басшылық қызметте де қазақтар өте көп. Мектепте аптасына екі сағат қана қазақ тілінде сабақ өтеді. Соған қарамастан қандастарымыздың өз тілін, дәстүрін ұмытпай, керісінше соны насихаттап, танытуға тырысып жатқанына қуанып, көңіліміз көншіп қайтты.