Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оның ерекшелігі – іс-шара қытай тілін меңгерген Қазақстан және Қытай университеттерінің түлектеріне арналғандығы, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Қытай түлектерінің жұмыс орындар жәрмеңкесі шеңберіндегі қытайлық кәсіпорын өкілдерімен кездесуі осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Жылына бір рет ұйымдастырылатын жәрмеңгеге биыл қызығушылық өте жоғары болды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, алғашында жәрмеңкеге қатысуға 120 адам тіркелген. Алайда іс-шара басталар алдында да қалай тіркелуге болатынын сұрап, хабарласқандар аз болмаған. Осылайша кездесуге жалпы саны шамамен 200 адам қатысты.
Ал жұмыс ұсынған компаниялар саны биыл 24-ке жеткен. Бос орындар әртүрлі бағытта ұсынылды. Мысалы, мұнай-газ, құрылыс, энергетика, банк ісі және т.б.
“ҚХР ЖОО түлектері достығы» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеде қатысушылар мекемелердің өкілдерімен әңгімелесіп, жұмыс орны, жалақы көлемі, еңбек жағдайы жайлы тікелей сұрап, түйіндемелерін таратуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкенің ашылуында сөз сөйлеген Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Ван Тао жәрмеңкенің «Бір белдеу, бір жол» құрылысы белсенді және бірлесіп салынып жатқан кезеңде ұйымдастырылып отырғаны өте маңызды екенін атап өтті.
Қытай қаржыландыратын кәсіпорындардың саны көбейіп, жергілікті жас дарындардың санын көбірек тартып жатыр. Олар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына маңызды үлес қосып қана қоймай, Қытай мен Қазақстан халықтары арасындағы достық көпірін салып жатыр. Ал Қытайдағы білім берудің интернационализациялануымен қазақстандық жас студенттер қазақстандықтар арасында шетелдік білім беру саласындағы ең танымал үш елдің қатарына кіретін Қытайда білім алуды жөн көріп отыр. Қытайда білім алып жатқан студенттер Қытай-Қазақстан достығын нығайтуда нағыз «азаматтық дипломат» және мәдениет елшісі болды, — деді дипломат.
Ван Тао ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы шілдеде Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейін әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа тарихи мүмкіндік ашылғанына және Қытай кәсіпорындары мен Қытай университетінің түлектері үшін үлкен перспективалар ашылғанына сенім білдірді.
“ҚХР ЖОО түлектері достығы» қауымдастығының төрағасы Джамиля Елеусізова ерекше жоба екенін айтты.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жыл сайын тамаша нәтижелер көрсететін маңызды жобалардың бірі. Біз қытай тілін меңгерген түлектер мен студенттерге сөзбен емес, іспен лайықты жұмыс табуға көмектесетінімізді мақтан етеміз. Бос орындар жәрмеңкесі сонымен қатар қытайлық дәреже мен білімнің құндылығын көрсетуге бағытталған. Түлектердің әрқайсысы өз дағдыларын қолданып, Қазақстанда өз мамандығы бойынша жұмыс таба алады, — деді Елеусізова.
Ұйым басшысы атап өткендей, Қытайдың жоғары оқу орындарының түлектері мен қытайлық бизнес өкілдері арасындағы тұрақты кездесулер жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге бағытталған.
Жаңа «алтын 30 жылдыққа» қадам басқан Қазақстан мен Қытай арасында көптеген салада қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жуырда жасаған сапары барысында қытай тілін оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және «Лу Бань шеберханасын» құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл екіжақты қарым-қатынастың мәдени құрамдас бөлігінің де маңызы аз емес екенін және біздің бірлестіктің осындай іс-шараларды өткізу арқылы оның дамуына өлшеусіз үлес қосып отырғанын аңғартады, — деп түсіндірді ол.
Жұмыс орындарын ұсынған компаниялар арасында Қазақстандағы CNPC корпорациясы, «Kazakhstan Energy Invest», Чайна Нейшенл Кемикал Инжиниринг және басқа да ұйымдар болды.
Мысалы, «Kazakhstan Energy Invest» Ақмола облысында орналасқан нысанға әкімшілік-техникалық және өндірістік бөлімдерінде жұмыс істейтін мамандар іздеп келген. Компания менеджері Алина Шарипованың айтуынша, ол SPIC-дің Қазақстандағы бөлімі. Мекеме жаңартылатын энергияны өндірумен айналысады.
Егер сіз әкімшілік бөлімге жұмысқа тұрсаңыз, онда қытай тілін білу міндетті. Ал жұмыс техникалық болса, онда қытай тілін білу талап етілмейді. Жұмыс жағдайлары келісілген. Тәжірибесіз келген маманның қолға алатын жалақысы шамамен 350 мың теңгеден басталады. Қажет болған жағдайда мамандар Қытайға біліктілігін арттыруға жіберіледі. Бізде 11 жоба бар. Оның 9-ы жел және 2-еуі күн электр станциясы. Әртүрлі аймақтарда орналасқан, — деді Шарипова.
Бұл мекеме бос орындар жәрмеңкесіне екінші рет қатысып отыр. Былтыр аудармашыны жұмысқа қабылдаған. Қазір ол маман мекемеде жұмысын жалғастырып жатыр.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келгендердің арасында тек елордалықтар ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтарымыз болды. Мысалы, Қарағанды, Алматыдан келген жастар болды.
Мен ЕҰУ-да филология мамандығында магистратурада оқып жатырмын. Қытай тілін білемін, осы университетте оқыдым. Бүгін жұмыс іздеп келдім. Қытай тілі және ағылшын тілі аудармашысы қызметіне орналасқым келеді. Қытайда оқып келген немесе қытай тілін жетік меңгерген азаматтарға осындай жәрмеңкелерде мүмкіндік жоғары. Себебі көп мекеме бос жұмыс орындарын ұсынып жатыр. Егер қабілетің жеткілікті болса, жұмыс табу оңай болады деп ойлаймын, — дейді Қызылорданың тумасы Арайлым Нұртай.
Ал Шыңжаң аймағынан келген қандасымыз Жанна да жәрмеңкеге жұмыс табу мақсатында келген.
Оқуды 1-2 жыл бұрын бітірдім. Қытай тіл білімімен жұмыстарды hh сияқты платформалардан табу оңай емес. Сол себепті бүгін жәрмеңкеге келіп, осы жерден жұмыс іздеп көргім келді. Білім экономика саласына қатысты. Сондықтан қаржы саласымен байланысты жұмыс іздеп келдім. Әңгімелесу кезінде жұмыс берушілер үшін мамандықтың сәйкестігі мен тіл білімі маңызды екенін байқадым, — дейді 23 жастағы Жанна Бақытбек.
Ол қытай тілін білетін түлектерге арналған жәрмеңкеге алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
2025 жылы «ҚХР ЖОО түлектері достығы» қауымдастығы өзінің бес жылдығын атап өтеді. Қауымдастық жақында Қытай мәдениеті күнін өткізген болатын.
Фото: Turanaqparat.kz