Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Zaimer.kz» микроқаржы ұйымында Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке деректерінің таралуы туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Turanaqparat.kz.
Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралуын анықтады.
Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам (РФ — 23,6 млн (zaimer.ru – 16.8 млн, adengi.ru -6.8 млн); Филиппин — 5 млн (digido.ph); Вьетнам — 2 млн (vietloan.vn) деректері анықталды.
Осылайша, жеке деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне сүйене отырып, ЦДИАӨМ EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы азаматтарды хабардар етіп, ақпараттың шығуының жағымсыз салдарын барынша азайту мақсатында ұсыныстар жіберді.
Егер сіз хабарлама алған болсаңыз және «МҚҰ Robokesh.kz» ЖШС-нің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім бермеген болсаңыз, онда бұл жағдайда кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті шараларды толық қарастыру және қабылдау үшін Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз, — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.