Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстанның дәстүрлі Наурыз мейрамы салтанатты түрде аталып өтті.
«Жэньминь жибао» газетінің хабарлауынша, мерекелік іс-шара барысында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақтың ән-күйі мен би өнері көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының салт-дәстүрімен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Шахрат Нұрышев Наурыздың көктем мен жаңарудың символы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке Қытайдың көктем мерекесімен үндес келеді.
«Наурыз – күн ұзарып, тіршілік жаңаратын кезең. Бұл мерекенің басты мәні – ізгілік жасау және табиғатпен үйлесімді өмір сүру», – деді елші.
Мерекелік бағдарламада күмбірлеген күй, әсем ән мен ұлттық билер ұсынылып, түрлі ұлт өкілдері бір алаңда бас қосты.

73 жастағы Бейжің тұрғыны Кон Сянюнь алғаш рет Наурызға қатысқанын айтып, әсерін бөлісті.
«Мен Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ таныдым. Болашақта Қазақстанға баруды асыға күтемін», – деді ол.
Сондай-ақ мерекелік жиынға қатысқан қытайлық студенттер Наурыз туралы бұрын тек кітаптан білсе, енді оны өз көздерімен көріп, ұлттық тағамдардан дәм татқанын атап өтті.
Қазақстаннан келген Арайлым Тұран Бейжіңдегі мерекенің атмосферасы өзін елінде жүргендей сезіндіргенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай шаралар екі халық арасындағы мәдени байланысты нығайта түседі.

Айта кетейік, бұл іс-шара «Қытай-Қазақстан мәдени алмасу жылы» аясында ұйымдастырылды. Мерекені Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы бірлесіп өткізді. Сонымен қатар, шараға Қытай Сыртқы істер министрлігі, Қытай Мәдениет және туризм министрлігі және Бейжің қалалық үкіметі қолдау көрсетті.
