Қазақстанда көмір кен орындарына қатысты жаңа аукцион өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қатты пайдалы қазбалар саласында 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатыр. Көмір саласына инвестиция тарту жүйелі түрде жалғасуда. 2025 жылы бұл салаға 305 млрд теңге инвестиция салынса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 553,5 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.
Бүгінде көмір өнеркәсібінде шамамен 32 мың адам еңбек етеді.
Жыл соңына дейін шамамен 10 көмір кен орны учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукцион өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы 20 наурызда «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы бекітілді. Бұл жоба жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді.
