Ақтөбе қаласында (Навалижан тасжолы, Оңтүстік айналма жол) республикалық «ReStart» жобасы аясында ауқымды экологиялық сенбілік ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық ойлауды дамыту.
Сенбілікке «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ, CCI Kazakhstan ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері қатысады. Аталған студенттер «ReStart» жобасының белсенді қатысушылары болып табылады.
Іс-шараны экотренер әрі экобілім беру саласының сарапшысы Оразалин Дәурен Жақсылықұлы ашады. Ол сенбіліктің маңыздылығы, қалдықтарды сұрыптаудың рөлі және жастардың экологиялық мәдениетін дамытудағы жобаның үлесі туралы баяндама жасайды.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Төлегенов Жақсат Сандыбаевич қатысушыларға құттықтау сөз арнайды. Ал «ReStart» жобасының менеджері Мәжитова Дина Жұмабековна жобаның негізгі міндеттері мен жоғары оқу орындары арасындағы экологиялық жарыс форматы туралы айтып береді.
Бағдарлама аясында қатысушыларға арналған практикалық тренинг өткізіледі. Онда Zero Waste қағидаттары, пластикті дұрыс сұрыптау жолдары, жиі кездесетін қателіктер және оларды болдырмау тәсілдері түсіндіріледі. Сондай-ақ сенбілік барысында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ұсыныстар беріледі.
Шара соңында жиналған пластик өлшеніп, алдын ала қорытындылар шығарылады. Бұл көрсеткіштер «ReStart» жобасы аясындағы жоғары оқу орындары арасындағы жарыс нәтижесіне әсер етеді.
Айта кетейік, «ReStart» жобасы Қазақстанда он жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ең ірі экологиялық бастамалардың бірі. Жоба жастар арасында қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Биылғы маусым 28 наурызда басталып, Қызылорда, Шымкент және Алматы қалаларында өткен сенбіліктер барысында 2200 келіден астам пластик жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Алдағы уақытта тағы алты қалада осындай экологиялық шаралар өткізу жоспарланып отыр.
