Елордада Қытайды зерттеу орталығы ұйымдастырған «Қазіргі Қытай: сұрақтар мен жауаптар» атты семинар өтті. Іс-шара «2026 жылғы “Екі сессия”: Қытайдың даму бағдарлары және Қазақстан мен Орталық Азиямен ынтымақтастық перспективалары» тақырыбына арналды.
Жиын барысында Қытайдың 14-ші бесжылдық жоспарының қорытындылары, әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа бағыттары және олардың Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін маңызы талқыланды. Сонымен қатар Қытайдың 15-ші бесжылдық жоспарын өңір мемлекеттерінің даму басымдықтарымен үйлестіру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Семинарды ашқан орталық директоры Гүлнәр Шаймергенова Қытайдың 14-ші бесжылдығының нәтижелері мен алдағы кезеңнің стратегиялық бағдарларын талқылау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай экономикасы сандық өсімнен сапалы дамуға бет бұрып, инновациялар, цифрландыру, «жасыл» экономика және технологиялық дербестікке негізделген жаңа кезеңге қадам басты. Сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасының тұрақтылығы сақталып, ЖІӨ өсімі шамамен 5% деңгейінде қалып отыр.

Сарапшылар жаңа бесжылдықтың ұзақ мерзімді жаңғырту стратегиясын қалыптастыратынын, оның тек ішкі саясатқа ғана емес, жаһандық және Еуразиялық үдерістерге де ықпал ететінін атап өтті. Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл өнеркәсіптік кооперация, логистика, цифрлық және «жасыл» трансформация салаларында жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Семинар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанымдарына сүйене отырып, Қазақстан–Қытай серіктестігінің жаңа кезеңіне қатысты практикалық талдау жүргізу және нақты ынтымақтастық тетіктерін әзірлеу қажеттілігі айтылды. Іс-шара сараптамалық диалогты күшейтуге және қолданбалы шешімдер ұсынуға бағытталған алаң ретінде бағаланды.
ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань мұндай пікір алмасу алаңдарының маңызын атап өтіп, «екі сессия» Қытайдың даму логикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық қауымдастық бүгінде Қытайды тек бақылап қана қоймай, оның басқару моделін зерттеуге және қазіргі даму ерекшеліктерін жан-жақты талдауға ұмтылуда.
Дипломат Бейжіңде өткен екі негізгі саяси жиынға – 14-шақырылымдағы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің төртінші сессияларына тоқталды. Ол сапалы өсім моделіне көшу, инновациялар мен әлеуметтік саясаттың рөлін арттыру, сондай-ақ Қытайдың халықаралық аренадағы тұрақтандырушы рөлін күшейту басымдықтарына назар аударды.
Семинарда Қытай дамуының негізгі төрт бағыты айқындалды: институционалдық басқару жүйесі, экономикалық және әлеуметтік саясат, ғылыми-технологиялық инновациялар және сыртқы саясаттағы басымдықтар.
CEGREG орталығының директоры және Maqsut Narikbayev University профессоры Икболжон Корабоев Орталық Азия үшін 15-ші бесжылдықтың маңызын атап өтіп, сыни минералдар мен көлік-логистикалық байланыстарға назар аударды. Оның айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Транскаспий бағыты мен Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы арқылы жаңа серпін алуда.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры Ерлан Құдыс Қытайдың даму моделін өңірлік экономикамен ұштастыру мәселелерін талдап, логистика, энергетика және цифрлық экономика салаларындағы синергия әлеуетін атап өтті. Ол «жасыл» қаржыландыруды дамыту және көпжақты үйлестіруді күшейту қажеттілігіне тоқталды.

Аталған университеттің профессоры Жамаладен Ибрагимов «екі сессияны» Қытайдың стратегиялық даму бағытын айқындайтын негізгі механизм ретінде бағалап, Қазақстан үшін ынтымақтастықты стратегиялық деңгейге көтеру маңызды екенін айтты. Ол бірлескен ғылыми-технологиялық орталықтар құру, инвестиция тарту және логистикалық тізбектерді кеңейту бағыттарын ұсынды.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» өкілі Дилором Султамуратова Қазақстандағы «жасыл» технологиялардың даму перспективаларын таныстырып, экологиялық мәселелерді шешу үшін технология трансферті мен халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті.
Beijing Language and Culture University филиалының директоры Бауржан Тлеуметов адами капитал сапасының шешуші рөлін атап өтіп, Қытаймен тиімді ынтымақтастық үшін тіл, технология және бизнес-процестерді қатар меңгерген мамандар қажет екенін айтты.
ҚР СІМ Сыртқы саяси зерттеулер институтының өкілі Улан Нухитжан семинар қорытындысында Қытаймен өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі басталғанын айтып, 15-ші бесжылдық Қазақстан мен өңір елдері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Гүлнәр Шаймергенова «екі сессия» нәтижелері Қазақстан, Қытай және Орталық Азия арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, сауда, инвестиция, логистика, өнеркәсіптік кооперация және кадр даярлау бағыттарында үйлесімді саясат жүргізу өңірдің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуына жаңа серпін береді.
Айта кетейік, «Қазіргі Қытай: сұрақтар мен жауаптар» сериясы сарапшылар, дипломаттар және қоғам өкілдері үшін ашық диалог алаңы ретінде ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – Қытайдың даму үрдістерін терең түсіндіру және Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен стратегиялық әріптестікті дамыту.
