Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын іске асыру аясында көлік-транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және саланың экономикадағы үлесін арттыру бағытындағы жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасына ерекше назар аударылды. Баяндамалармен Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қазақстан темір жолы басшысы Талғат Алдыбергенов сөз сөйледі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы көлік және қоймалау саласының көлемі 12,2 трлн теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында өсім 12,8%-ды құрады. Өткен жылы ел ішінде 353 млн тонна жүк автокөлікпен тасымалданған. Сонымен қатар бірқатар ірі жол жобалары аяқталып, жалпы жол жөндеу көлемі 13 мың шақырымға жетті.
Дегенмен, Премьер-министр өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, барлық процестерді жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта 37 нысанда құрылыс жүріп жатыр, оларды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Теміржол саласында да өсім бар: 2025 жылы транзиттік тасымал 33 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан. Биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш тағы 14%-ға өсіп, 9 млн тонна болды.
Алайда Олжас Бектенов «Бақты – Аягөз» теміржол желісі құрылысының баяу жүріп жатқанын атап өтіп, нысанда техника мен жұмыс күші жеткіліксіз екенін айтты.
Сондай-ақ Премьер-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының қарқынына да сын айтып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Теңіз инфрақұрылымы бойынша Ақтау порты мен Құрық портының әлеуетін арттыру, сондай-ақ «Ақтау – Баку» бағытына арналған контейнерлік кемелерді сатып алу процесін жеделдету міндеті қойылды.
