Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Перу арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды.
Құжат екі ел арасындағы экстрадиция саласындағы құқықтық негізді күшейтеді. Енді қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған немесе сот үкімін орындаудан қашқан тұлғаларды іздестіру және оларды өзара тапсыру рәсімі заң жүзінде реттеледі. Бұл құзырлы органдарға күдіктілерді қылмыстық қудалау немесе жазасын өтеу үшін бір-біріне беруге мүмкіндік береді.
Заң ресми басылымдарда жарияланғаннан кейін күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан азаматтарын шетелден қайтару бойынша Кипр, Мысыр және Вьетнам елдерімен де құқықтық тетіктер қарастырылған. Сонымен қатар, халықаралық құқықтық көмек туралы келісім жасалған мемлекеттердің тізімі арнайы электронды картада көрсетілген.
Еске салсақ, бұған дейін Интерпол желісі арқылы іздеуде болған қазақстандық блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде turanaqparat.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді