Мәжілісте жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Құжат аясында білім беру саласының бюджетін облыстан аудандық деңгейге беру ұсынысы қарастырылуда.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтты. Оның сөзінше, ауыл әкімдері мектептердің мәселесін шешуде қаржының облыста қалып қоюы кедергі келтіріп отырғанын атап өтеді.
«Біз бұл мәселені бірнеше рет депутаттық сауалдарда көтердік. Ауылдарға барған кезде әкімдер білім бюджеті ауданға түспегендіктен, мектептердің проблемасын дер кезінде шеше алмай отырғанын айтады. Үкімет бұл бастаманы қолдады деп жауап берілді. Алайда Мәжіліске енгізілген заң жобасында бұл норма көрініс таппаған», – деді депутат.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, бұл ұсыныс бастапқы үкімет қорытындысында болмаған, кейін депутаттардың бастамасымен жұмыс тобына енгізілген.
«Үкімет бұл түзетуді қолдады. Білім беру шығындарын облыстан ауданға беру қарастырылып отыр. Бірақ балалардың жазғы демалысы мен ыстық тамаққа қатысты шығындар облыс деңгейінде қалуы мүмкін. Қазір келісу рәсімдері толық аяқталған жоқ, бірақ тиісті қорытындыны енгіземіз», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, бюджет заңнамасы мұндай өзгерістерді жасауға мүмкіндік береді, сондықтан қаржыны қайта бөлу тетіктері арқылы бұл бастаманы жаңа оқу жылына дейін іске асыруға болады.
Айта кетейік, Мәжілісте заң жобасын талқылау жалғасып жатыр.
Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде turanaqparat.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді