Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Xinjiang Lihua директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай-ды қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстанда толық өндірістік циклды қамтитын мақта-мата кластерін құру жобасы қаралды. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Чжан Цихайдың айтуынша, қазіргі таңда бірнеше өндіріс нысаны іске қосылған. Оның ішінде екі мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары синтетикалық мата, тоқыма және дайын киім шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мақта егістігінің көлемін 52 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сонымен қатар, салаға цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару жүйелері енгізіледі.
Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде шамамен 360 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Президент бұл бастаманың еліміздің оңтүстік өңірінде агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті кадрларды даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталып, мақта өндірісіне «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бастамасын қолдады.
