Қазақстанда қызметтік көліктерге, соның ішінде жедел жәрдем машиналарына, жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін құрылғылар орнатуға рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобасында қарастырылған.
Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобасы қызметтік автокөліктерге құқықбұзушылықтарды тіркеу құрылғыларын орналастыру мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік, мысалы, жедел жәрдем көліктеріне берілмек.
«Біз жедел жәрдем көліктері қала ішінде қозғалған кезде басқа жүргізушілердің оларды қысып, жол бермей, кедергі келтіретін жағдайлар жиі болатынын білеміз. Кейбір жағдайда бұл тек жедел жәрдем көлігі үшін ғана емес, оның ішіндегі медицина қызметкерлері мен науқастар үшін де қауіпті», – деді Смышляева Мәжілістегі брифингте.
Оның пікірінше, мұндай тіркеу құралдарын орнату жедел жәрдем көліктеріне қатысты жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тиімді бақылауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, жедел жәрдем көліктері шақыртуларға жедел жетіп қана қоймай, жолдағы құқықбұзушылықтарды да тіркей алатын болады.
