Таразда адам өліміне әкелген жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «Audi» маркалы көлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген.
Полиция мәліметінше, жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге қатысушылардың өміріне қауіп төндірген. Қуғын барысында ол көлікті басқара алмай, электр желісінің бетон бағанасына соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Кейін көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталған.
Кәмелетке толмаған жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оның көлікті қалай басқарғаны және автокөлікке қалай қол жеткізгені тексеріліп жатыр.
Қылмыстық іс аясында көлікті жүргізу құқығы жоқ адамға берген көлік иесінің әрекетіне де құқықтық баға берілмек. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесі мен бақылауына қатысты міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.
Полиция заңды талапқа бағынбау және құқық қорғау органдарынан қашуға әрекет жасау ауыр салдарға әкелетінін ескертті.
