Этиканы бұзған депутаттар бірнеше отырыс бойы сөз сөйлеу құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты.
Оның сөзінше, жаңа тәртіп аясында депутаттарға айыппұл салу қарастырылмаған. Алайда парламенттік тәртіпті бұзғандарға ескерту жасау, полицияның араласуы немесе бір не үш отырыс бойы сөз бермеу сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.
«Депутат сұрақ қоя алмайды, депутаттық сауал жолдай алмайды, яғни оған сөз кезегі берілмейді», – деді Сарым.
Сондай-ақ депутат мандатынан айырылуы мүмкін екі жағдай да айтылды. Біріншісі – партиялық тізіммен өткен депутат партия талаптарын орындамаса немесе беделіне нұқсан келтірсе, партия оны кері шақырта алады. Екіншісі – депутат қылмыс жасаған жағдайда заң аясында тиісті рәсімдер жүргізіледі.
