Мәжіліс «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» заң жобасын және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Құжат педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында әзірленген.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мұғалімдер енді оқушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тек оқу процесі кезінде, яғни мектеп аумағында ғана жауап береді. Ал сабақтан тыс уақыттағы жауапкершілік ата-аналар мен заңды өкілдерге жүктеледі.
Сонымен қатар, педагогтерді артық есептілікке тартуды азайту көзделген. Енді бір есепті қатар қағаз және электронды түрде тапсыру міндеті жойылады. Орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдаланудың бірыңғай ережелері енгізіліп, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту бағытында әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қолға алынбақ.
Заң жобасында Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашуға қолайлы құқықтық жағдай жасау да қарастырылған. Алайда мұндай жоғары оқу орындары мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарын сақтауы тиіс.
Бұдан бөлек, медициналық білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында интеграцияланған оқыту моделіне көшу ұсынылды. Жаңа жүйе бойынша студенттер жоғары оқу орнында 6 жыл білім алып, кейін 1 жыл толыққанды интернатурадан өтеді. Осыдан кейін түлектерге медициналық практикамен айналысу құқығы беріледі.
