Ішкі істер министрлігі көліктерді мемлекеттік тіркеуге қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіп, бірқатар ережені жаңартты. Соған сәйкес, енді азаматтар көлігін ауыстырған кезде бұрынғы мемлекеттік нөмірін туысына ресми түрде қайта рәсімдей алады.
Жаңа ереже бойынша, нөмірді бөгде адамға беру әлі де тыйым салынған. Алайда мына жақын туыстар арасында рәсімдеуге рұқсат етіледі:
- жұбайына;
- балалары мен ата-анасына;
- асырап алушылар мен асырап алынған балаларға;
- туған немесе өгей бауырларына;
- ата-әжесі мен немерелеріне;
- көлік иесі қайтыс болған жағдайда заңды мұрагеріне.
Ескі нөмірді туысына беру үшін азаматтар ХҚКО арқылы немесе цифрлық платформаларда өтініш беріп, туыстық қатынасты растайтын құжат ұсынуы қажет.
