Астанада бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанова 13,5 тонналық автобусты сүйреп, жаңа әлемдік рекорд орнатты.
Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші әрі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Айгүл Ержанова спорттағы кезекті тарихи жетістігімен көпшілікті таңғалдырды.
30 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз 2023 жылдың тамыз айынан бастап пауэрлифтингпен айналыса бастаған. Қысқа уақыт ішінде Қазақстан, Азия, Еуропа және әлем чемпионы атанып үлгерген.
2026 жылдың 24 мамырында мектеп бітіруші түлектерге арналған арнайы шара барысында Айгүл Тұрғамбайқызы салмағы 13 500 келі болатын екі осьті Yutong City Bus автобусын 13 метрден астам қашықтыққа сүйреп, GBR (GLOBAL BEST of RECORDS) – THE WORLD BOOK OF RECORDS FOR ASIA AND AFRICA аясында жаңа әлемдік рекорд орнатты.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылдың 5 қазанында Мұғалімдер күні қарсаңында ол 55 жастан асқан әйелдер арасында жалпы салмағы 8 тонна болатын екі жүк пикапын 58 метрге қолымен сүйреп, әлемдік рекорд тіркеген болатын.
Астана қаласының Білім басқармасы ұстаздың бұл жетістігі қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және ерік-жігердің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
«Кәсіби педагогика мен спортты қатар алып жүрген Айгүл Тұрғамбайқызының жетістігі тек шәкірттеріне ғана емес, барша қазақстандыққа шабыт сыйлайды», – делінген хабарламада.
