Қазақстанда Қытайдың үш музейі – Жібек музейі, Хучжоу музейі және Турфан музейі бірлесіп ұйымдастырған «Керемет жібек» көрмесі өтті. Экспозиция келушілерді қытай жібек өнерінің бай мәдени мұрасымен және оның дамуындағы заманауи үрдістермен таныстырды.
PRNewswire хабарлағандай, көрмеге қойылған экспонаттардың бірі – қытайлық қалыңдықтың дәстүрлі той көйлегі. Экскурсия жүргізушісі Лина Серіктің айтуынша, қытайлықтар да қазақтар сияқты қызыл түсті жақсы көреді. Сондықтан қытайлық қыздар дәстүрлі түрде үйлену тойында қызыл түсті киім киген.
Дәстүрлі киімдермен қатар, көне мотивтер заманауи сәнмен үйлестірілген туындылар да ұсынылды. Мәселен, киімдердің біріне әйгілі Бейжің операсының кейіпкері – әйел жауынгердің бейнесі салынған.
Көрмеде жібек матаның өзі де ерекше орын алды. Оны өндіру бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен жібек құрттары өсіріледі, кейін олардың пілләларынан нәзік жібек талшығы алынады. Одан тоқылған маталар жеңілдігімен және денеге жағымды болуымен ерекшеленеді.
Жібек жоғары бағаланғаны соншалық, ол тек киім тігуге ғана пайдаланылмаған. Көрмеде жібек мата элементтері қолданылған алтын әшекейлер, сондай-ақ заманауи кесте және жібек өрнектерімен безендірілген аяқ киімдер ұсынылды.
Жалпы, келушілер қытайлық киім дизайнерлерінің жүзге жуық туындысын тамашалады.
«Келушілер тарапынан тұрақты қызығушылықты байқап отырмыз. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мұндай көрмелер әрдайым көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Әлібек Күзербаев.
