Қазақстандық әйелдер жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді енді ХҚКО-ға бармай-ақ, мобильді қосымша арқылы рәсімдей алады. Төлемді онлайн рәсімдеу мүмкіндігі қазірдің өзінде іске қосылды.
Жаңа қызметті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді цифрландыру аясында іске қосты.
Бұған дейін жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет болса, енді өтінішті қашықтан беруге болады. Бұл үшін Kaspi.kz мобильді қосымшасын немесе eGov.kz порталын пайдалануға мүмкіндік бар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, жаңа қызмет әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналар үшін мемлекеттік қолдауды алуды жеңілдетуге бағытталған.
«Басты мақсатымыз – қағазбастылықты азайтып, адамдардың мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін барынша қысқарту. Әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналар үшін бұл өте маңызды», – деді Бахтияр Жазықбаев.
Kaspi арқылы қалай рәсімдеуге болады?
Жұмыс істейтін және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы әйелдер Kaspi.kz қосымшасындағы «Гид» бөлімі арқылы жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу тәртібімен танысып, өтініш бере алады.
Сонымен қатар бұл қызметті eGov.kz порталы арқылы электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі сақталады.
Министрлік бұл қызметті әлеуметтік төлемдерді азаматтардың өтінішін күтпей алдын ала тағайындауға мүмкіндік беретін проактивті қызметтерді дамыту бағытындағы жұмыстардың бірі ретінде қарастырады.
