Алматы-Бішкек тасжолында шетел азаматтары мінген көлік апатына ұшырады.
Алматы облысы полициясының дерегінше, алдын ала мәлімет бойынша, 33 жастағы жүргізуші Toyota Alphard көлігін басқара алмай, көлік аударылып кеткен.
Автокөлікте Үндістаннан келген төрт студент пен бір турист болған. Астана қаласындағы Үндістан елшілігінің хабарламасына қарағанда, жол-көлік оқиғасы салдарынан екі студент пен жүргізуші оқиға орнында қаза тапқан, ал тағы үш үндістандық ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр.
Хабарламада айтылғандай, апат 6 қаңтар күні Алматы маңында болған. Жарақат алғандардың ішінде Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина университетінің төрт студенті және Үндістаннан келген бір турист бар. Олар Шымкенттен Алматыға қарай келе жатқан.
Елшілік марқұмдардың отбасына көңіл айтып, жарақат алған азаматтардың тез сауығып кетуін тіледі.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал тергеу органдары апаттың нақты себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр.
