Қазақстанда 2026 жылы кредиттік және жеңілдікті тұрғын үй салу және сатып алу бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР неркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
«Биыл 155 млрд теңге сомасына 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын алу, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар шеңберінде 18,2 мың несие беру жұмыстары жалғасады», – деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.
Министр жалпы тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейтуді қамтитын мемлекеттік қолдау тетіктерінің кешенін енгізу іске асырылып жатқанын айтты.
Оның деректері бойынша, кезекте тұрғандар үшін 2025 жылы 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алынған. Сонымен қатар 140 млрд теңгеге 14 мыңнан астам кредиттік тұрғын үй салынды және сатып алынды.
10,5 мың жер теліміне инженерлік инфрақұрылым орнатылды. Жалпы сомасы 68 миллиард теңгеге 2% және 5% мөлшерлемемен 5 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық несие, сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,6 мың несие берілді.
