Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова өтініш хат жолдады. Онда ақынның соңғы аманаты айтылған.
Хат авторы Мұхтар Шахановты ата-бабаларының киелі мекені саналатын Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлеуді сұраған.
Өтініште ақынның ауыр хәлде екені және оның соңғы тілегі ерекше атап өтіледі. Ханшайым Шаханованың айтуынша, Мұхтар Шаханов – қазақ руханиятының көрнекті өкілі, КСРО халық депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлттық намыстың символына айналған ірі тұлға.
Өтініштің негізгі мазмұны – ақынның соңғы аманатын орындау. Сонымен қатар, хатта аталған нысанның тарихи-мәдени маңызы жоғары екені айтылып, барлық жұмыстар қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүргізілетініне кепілдік берілген.
Сондай-ақ, өтініш иесі Президенттен ақынның ел алдындағы еңбегін, тарихи тұлға ретіндегі орнын және халықаралық беделін ескере отырып, оның соңғы тілегін мемлекеттік деңгейде қолдауды сұраған.
«Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын», – делінген хатта.
Ханшайым Шаханова бұл мәселенің тек отбасының ғана емес, ел азаматтары мен зиялы қауым өкілдерінің ортақ тілегі екенін атап өтті. Сонымен бірге, тиісті рұқсат беру және үдерісті Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігімен үйлестіру жөнінде тапсырма беру сұралған.
