Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдірді.
Президенттің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді және бейресми сипатқа ие.
Бұл кездесулер бейресми түрде өтеді. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда Санкт-Петербургте өткен басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініші бойынша қабылдайтынын айтқан еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Владимир Путиннің достары мен әріптестерімен жылы қарым-қатынас орната білетінін атап өтті.
Ресей президентінің ерекшелігі – ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақыт бөлді, – деді ол.
Президент Тоқаевтың айтуынша, Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде жоғары бағалайды. Бұл үдерісте Ресей жетекші рөл атқарып отыр.
Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Мұндай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, мен бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы рөліне жеке тоқталды.
Мен Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды қалыптастыру, экономиканың нарықтық тетіктерін құру және жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегі баршаға мәлім, – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы елде әділдік, заң және тәртіп қағидаттарын орнықтыру басты мақсат екенін атап өтті.
Біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау қажет. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
