Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Денсаулығына байланысты алдыңғы отырысқа қатыса алмаған Эльмира Төлегенова бұл жолы сотта соңғы сөзін айтып, болған жағдайға өкініш білдірді.
«Болған оқиға үшін жауапкершілікті толық мойындаймыз. Бұл жағдай бізге үлкен сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Соттан бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Сонымен қатар процессуалдық келісім жасауға дайынбыз», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты аталған жұпқа қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея ұйымдастыру дерегі бойынша іс тоқтатылып, құрамында қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болғандықтан материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.
